
Қазақ халқының қонақ күтуі мен қонақжайлығы туралы.
Баяғы заманнан бері осы күнге дейін жеткен дәстүріміздің бірі мен бірегейі – келген қонаққа дастарқан жаю. Бұл дәстүр тек қонақжай қазақ халқына ғана тән дүние десем, артық айтпаспын, себебі үйге қандай кісі келмесін «ең болмаса нан ауыз тиіп кету керек» деген ұғым санамызда бала кезімізден қалыптасқан. Қазағым қашан да бар асылын, бар тәттісін «қонақ жесін» деп сақтаған. Қазақ халқы үшін дастарқаннан үлкен, дәмнен үлкен нәрсе жоқ. Ақсақалдар да үнемі «Дастарқан тек қуанышты себептермен жайылсын! Дастарқан мол болсын! Осындай үлкен дастарқан басында жинала берейік!» деп бата беріп, тілектерін айтып жатады.
Дастарқан жайғанда міндетті түрде ең алдымен нан қойылады. «Ас атасы – нан» деген мақал осыдан шықса керек. Ұннан жасалынған тағамдар бағзыдан-ақ ақ дастарханымыздың сәні болып келген. Қазақ өзінің шаңырағындағы кез келген жиында дастархан үстінен нанды алыстатпайды.
Сыйлы қонақ келсе, бұрынғы кезде мал сойылып, ет асылса, қазіргі заманда мал сойылмаса да, қазанды отқа қойып, қонақтың кәдесін асып береді. Күн демей, түн демей қазан асуға келгенде қарап қалмайтын қазақ аналары мен келіндері ет тамақты нақышын келтіріп дайындайды. Бүгіндері қырық күн тойын, отыз күн ойын жасамасақ та, кез келген жиында осы ас бірінші мәзірде тұрады.
Жалпы алғанда, қазақтың дастарханы – киелі нәрсе. Бұл тек жайылған шүберек немесе оған қойған ас-ауқат қана емес, бұл – адамның пейілі, ішкі жан-дүниесі, мейірім-шапағаты. Ендеше дастарқанымыз тек қуанышқа жайылсын!
Қазақ халқының салтында үлкенді сыйлау әдептіліктің бір үлгісі болып табылады. Ата-ананы сыйлау, оларды қадірлеу, ізет көрсету адамның ең қастерлі қасиеттерінің бірі. Кіші үлкенді сыйласа, үлкендер де өз тарапынан оған лайық ықылас білдірген. Содан барып үлкен мен кіші арасында жарасымды қарым-қатынас орнаған. Ол әдетке айналып әдептілік ережелерін тудырған. Үлкендер отырған жерде сөз жарыстырмай, ізет көрсете білу, көңілге қарай сөз айту, қажет кезде өзіңді ұстай білу халық дәстүрінде қалыптасқан қасиеттер.
Әдептілік адам бойында бірден қалыптаспайды. Ол - біршама жылдардың, қоршаған ортаның, жақсы тәрбиенің жемісі. Ата-ана өз балалары үшін тәртіптілік пен сыпайылықтың, жарасымдылықтың, қамқорлықтың үлгісі, отбасындағы тәрбие құдіреті осында.
Адамдар арасындағы қарым-қатынас әдептілікке негізделсе, жан-жағына жылуын шашады, әдепсіз болса қапаландырады.