Жеңіс күні
Жеңіс күні – сан мыңдаған ұрпақ үшін ұлы мереке. Биыл адамзат тарихындағы ең сұрапыл, жойқын соғыс - Ұлы Отан соғысы аяқталғанына 74 жыл толады. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл мереке – бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ.
Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста Жеңіске жеткізді. Бұл күнді тек соғыс майданында ұрысқа қатысқан ардагерлер ғана емес, сонымен қатар майданға керекті оқ -дәрі мен азық-түлік жеткізуші тыл ардагерлері де тойлайды. Бірақ жыл өткен болашақ ұрпақтың бейбіт заманда өмір сүруіне бар үлестерін қосып, Отан үшін жас өмірлерін қыршыңнан қиюға дайын болған ардагерлеріміздің қатары сиреп келеді, әрине, бұл жайт көңілге қаяу салады. Дегенмен уақыт өз дегенін алары хақ.
Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Тәуелсіз Қазақстанымыз аспаны әрқашан ашық болсын! Жұдырықтай жұмылған, білектей біріккен кеңпейіл Қазақ елі жасасын!
Әнші құм
Қазақстанның кең байтақ дархан даласы әлі күнге дейін толық зерттелмеген, сыры ашылмаған құпияларға толы. Кең байтақ жеріміздің аумағында табиғаттың көз тартар небір құбылыстары мен қайталанбас өзіне тән ерекшеліктері бар. Солардың бірі «әнші құм» (кейбір деректерде Айғай құм) – Алматы облысы Кербұлақ ауданы жеріндегі Іле өзенінің аңғарын бойлай орналасқан Үлкен Қалқан тауы және Кіші Қалқан тауы етегіндегі құмды төбе, Алматы қаласынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Биіктігі 150 м-дей, ұзындығы 8 км, ені 3 км-ге дейін жетеді. Қалқан тауларынан соғатын желдің бағыты үнемі өзгеріп отыруы нәтижесінде құм түйіршіктері електеніп, бірегей құм қо тұратын төбеге айналған.
«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Айғай құм немесе Әнші құм» атты құмды төбені өз қамқорлығына алған. Кейбір деректерге сүйенсек, «Алтынемел» ұлттық қорығы кезінде Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға сапарында пана болған деседі.
Ал енді бұл өңір неліктен «әнші құм» атанып кетті екен? Осыған тоқталып көрейік. Бұл құмның бір ерекшелігі – құрғақ күндері әуенді дыбыстар шығарады. Оның әуені бірнеше шақырымдарға жайылып, алыстан да естіліп тұрады.
Кейбір пікірлерге сүйенсек, құмның ұсақ бөлшектері бір-біріне үйкелген кезде осындай әуенді дыбыстар шығады екен: жеңіл самал жел шиқылдаған дыбыстар шығарса, қатты жел орган дыбысына ұқсас әуен шығарады. Алайда, желсіз күнде де құмның әуенін тыңдауға болады. Осы сиқырына байланысты, құм жайында көптеген аңыздар пайда болған. Құмның тағы бір ерекшелігі – ол басқа құмдар сияқты орнын ауыстырып, көшіп жүрмейді, керісінше, мыңдаған жылдар бойы Алтынемел аумағында, бір орында тұр.
Осындай табиғи ерекшелік әлемнің басқа жерінде жоқ деп айтсақ та болатын шығар. Тіпті кезінде Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан бұл табиғат ескерткішіне жолаушылар әдейілеп ат басын бұрған деседі.