
Табиғат! Осы бір жүрекке жылы,көңілге қонымды естілетін салиқалы сөзге қаншама мазмұн, терең мағына, ұлағатты ұлы ұғым, тұжырымы кең ой жатыр десеңші!
Табиғат – күллі тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, алтын ұя бесігі,құт – берекесі. Ал адам үшін табиғат ең қасиетті де қастерлі ұғым. Өйткені,адамның өзін дүниеге келтіретін аяулы анасы, сондықтан да адамның табиғатты «ана» деп құрметтеуінде өте үлкен ұғым жатыр.Қазақ халқының бар өмір тіршілігі табиғатпен тікелей етене байланыста өтіп жатыр. Сан ғасырлар бойы халқымыз сол өзін аялаған табиғат аясында тіршілік ете жүріп, оның сан алуан құпия сырларына көңіл бөлді және сол туралы орынды пікірлерге келді. Табиғаттың қатаң жағдайына ,түрлі өзгерістеріне сай көшіп-қонып жүріп,өз шаруашылығын табиғатпен үйлесімді жүргізіп отырды және табиғатқа аялы алақан,жылы жүрек сезімі, көздің қарашығындай қамқорлық қажет екендігін ерте сезінді.Осыған орай халқымыздың да мінез-құлқы бірте-бірте қалыптасып,ондай қасиеттер атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра ретінде жеткізіліп отырды.
Қазақ халқының халық педагогикасындағы асыл мұралардың бірі-табиғатқа деген аса зор сүйіспеншілігі мен оған деген асқан адамгершілік қасиеті болды. Халық ұғымында табиғат деген қасиетті сөз туған жер, өскен ел, атамекен, аяулы өлке, ауылым деген тұла бойында нәр беріп, жүрегіңді шымырлататын аса қымбат сөздермен қатар тұрады.Белгілі жазушы, әрі ғалым Ақсеуіл Сейдімбеков өз шығармаларында халқымыз бен табиғат арасында үндестікті, бірлікті,сабақтастықты ерекше атап өтті.« Көшпелі өмір салты табиғи географикалық дара бітімдегі биосфера бірден – бір үйлесімді.Ата – бабамыз туған жеріне кіндік қанын ғана тамызып қоймаған, қажет болса жүрек қанын да төге білген»-деп жазушы табиғат пен халқымыз арасында өзара байланысты жоғары бағалаған. Халқымыздың табиғатқа деген зор сүйіспеншілігі табиғаттың көркем келбетін, ажарлы арайын сұлу сымбатын көре, сезіне білуінен бірте-бірте қалыптасқан.Табиғат сұлулығынан,әдемілегінен ,әсемдігінен бойына қуат, жүрегіне шуақ алып, аса зор іңкәрлік сезімге бөленген және табиғаттың сұлулығының алдына бас иген.Халқымыздың қажырлы да қайсар, батыр да , батыл ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы атамыз «сұлулық дегеннің тамыры табиғаттану деген нәрседе жатыр. Мысалы, гүлді алайық сол гүлдерде біз сұлу емессің деп айта алмаймыз.Ол табиғаттың жасаған сұлулығы.Аңдардың ішінде де сұлуы аз емес.Құстарды алып қарағын.Олардың ішінде де қаншама сұлулар бар. Сол себепті сұлулық деген нәрсенің өзі табиғаттың твортествосы. Осы күнге ғалымбыз деп жүрміз,бірақ табиғатқа қарсылық ету күнә»- деп табиғат сұлулығын сезіне білу және оны аялау қажеттігін ерекше ескерткен болатын. Халқымыздың табиғатты жанындай жақсы көріп сүйе білуі және оған деген аялы алақаны мен абзал адамгершілік қамқорлығы қанымызға да, бойымызға да, бойымызға да ананың ак сүті арқылы дарығандығын зор мақтаныш сезіммен айтуымызға толығымен болады.
Қыран құсты қастерлеген халықпыз.
Қыран құс - жыртқыш,жылдам әрі епті құс.Ал,көшпелі халықтарда,әсіресе,қазақтарда қыран құсты ерекше қастерлеген.Біздер үшін ол батырлықтың,еркіндіктің,алғырлықтың белгісі іспеттес.Республикамыздың мемлекеттік көк байрағында да азаттықтың айбыны ретінде алтын қыран құс бейнеленгені соның дәлелі.Байырғы замандарда қыран құсқа "Құс патшасы","Қанаттылар ханы","Құдайдың қазаққа еншілес берген құны" деп мадақтап,оның қастерлігін одан әрі танытқан.Бұнымен қоса қыран құстың ел ішінде құны да жоғар болған.Мысалы,Жеті жарғы заңында аңға салатын итті,бүркітті өлтірген адамнан олардың иесіне бір құл немесе бір күң беріледі делінген.Қыран құсты қолға үйретіп,баптап,саятшылыққа пайдалану қазақ халқының ежелден келе жатқан өнері,дәстүрі десек те болады.Қыран бүркіт Жеті қазынаның бірі екендігі тағы бар.Осының барлығы қыран құстың біздің халқымыздың тарихы мен бүгінінде,тұрмысы мен дәстүрінде алар орнының зор екендігін білдіреді ғой.