
Адамның өз Отаны жөніндегі ыстық ұғымы әрдайым оның кіндік кескен, ананың ақ сүтін емген, өскен жеріне байланысты. Отан, міне, осылардан басталады. Бала күнінен етене таныс туған жер көріністері адамның есінен ешуақытта кетпейді, көз алдында тұрады. Кеудеңде жаның тұрғанда оны ешкімге беруге болмайды. Туған табиғаттың сұлулығын, адам ісінің адалдығын сезінбейінше, азаматтық сезім бола бермейді.
Отанды сүю ұғымы туған табиғатқа, отбасына, мектепке, достарына, кітапқа, суретшілер шығармаларына, өз ісіне, біздің халықтың мүддесін өтеп отырған тамаша және ұлы игіліктің бәріне деген сүйіспеншілікті қамтиды. Отанды сүюге тәрбиелеу деген сөз бұл балалардың патриоттық сезімін тәрбиелеу дегенге саяды. Патриотизмді тәрбиелеу ісінде ұсақ-түйек болмайды. Біздер ағаштарға, гүлдерге, үй-ішінің тыныштығына деген талпынысымызды балаға дарытпай тұрып, Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелей алмаймыз. Айналасындағы адамдарды - құрбы-құрдастарын, үлкендерді құрметтеуді тәрбиелемес бұрын, халыққа деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу мүмкін емес.
Әрқайсымыз үшін бұл өмірде ата – анамыздан жақын әрі ыстық адам табылмас. Ата – анамыз біздерге осы өмірге келуімізге себепші болып, жарық дүние сыйлады. «Анадан асыл бар ма жан?» демекші, аналарымыз түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп, тәрбие беріп,осы күнге жеткізді.Осы орайда ойыма «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» деген мақал түседі.
Сонымен қатар, ардақты әкелеріміздің де орны бөлек. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бала тәрбиесінде, отбасында әкенің қамқор, тірек, асыраушы ретінде алатын орны ерекше.
Менің ойымша баланың ата – ана алдындағы ең бірінші парызы – бұл кісілерді сыйлап, олар үйреткен тәлім - тәрбиені есте ұстап, ешқашанды жерге қаратпау. Ата – ананы сыйлау кішкене күннен қалыптасып, есейе келе ата – ана мен бала арасындағы достық қарым – қатынасқа ұласады. Өз басым ата – ананы сыйлау дегенді былай түсінемін: үлкендердің айтқанын екі еткізбей орындау, үлкен кісі сөйлеген кезде сөзін бөлмеу, қарсы жауап қайтармау. Ата – ананы сыйлау – бұл біздің перзенттік парызымыз.
Ендеше әкелеріміз бен аналарымыз – өмірдің мәні де сәні екенін есте ұстап,ата-ана өміріміздің шамшырағы, отбасының негізгі дінгегі, дәнекері екенін ұмытпайық!