Жеті - қасиетті сан.
Қазақ - ырымшыл халық. "Қасиетті" сандарды білмейтін адамдар жоқ шығар: «үш», «төрт», «бес», «жеті», «тоғыз», «он үш», «қырықты» бала күнімізден естіп, біліп жүрміз.
Жеті саны киелі мәнде халық санасына, ұлттық ұғымға мықтап бекіген. Бұл санның тұрмыс-тіршілікте, халық фольклорында, діни ұғымдардағы маңызы ерекше. Оған дәлел, аптада неше күн бар – жеті, аспан неше қабат – жеті, жер неше қабат – жеті. Міне, қызық, бәрі де жеті. Нөсерден кейінгі жаратушының жаршысындай жауынмен жарысып шығатын кемпірқосақтың түсі – жеті, осыған қоса жинақтау сандары да жетімен шектеледі: біреу, екеу, ұшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу. «Сегізеу», «тоғызау» болып айтылмайды. Міне, айта берсек «жеті» санының «сиқырын» сипаттайтын құбылыстар жетерлік. Қазақ халқының салт-дәстүрінде де жеті санының орны бөлек. «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар», «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» немесе «жеті атадан әрі ғана қыз алысу заңы», яғни араға жеті атаны салып құда түсу әдеті ғасырлар бойы сақталып келеді. Жеті саны кейде жақсылықпен байланыстырылып айтылса, кейде жамандықпен де байланысып жатады. Мысалы, қазақ «жұт жеті ағайынды» дейді. Бұл тіркес халықтың басына аласапыран заман туып, ашаршылық, бүліншілік, індет, ауру келсе айтылады. Халық жеті жұтқа мыналарды жатқызады: құрғақшылық, жұт (мал қырылу), өрт, оба (ауру), соғыс, топан су, зілзала. Жеті санына байланысты культтік фразеологизмдер басқа сандарға қарағанда жұмсалу өрісі кең. Оларға: жеті ғашық, жеті шәріп (әулие); жеті қазына, жеті ғалам, жеті күн, жеті жұт, жеті жоқ, жеті қат көк т.б. жатқызады.
Рухани өміріміздің тарихында бір дәуірдің болмыс-бітімін, таным- түсінігін айшықтай түсетін айрықша тұлғалар болды. Исламға дейінгі Тәңірлік дүниетанымның шашырап жатқан дерек көздерінің негізінде пайымдап, бас- аяғын жинақтауға әрекеттенер болсақ, оның бел ортасында тұрған дара тұлғаларды айналып өту мүмкін емес. Солардың бірі, бірегейі-түркі халықтарының арасында есімі ежелден танымал-Қорқыт ата. Шығыс Түркістаннан бастап Кіші Азияға дейінгі түркі халықтарының ауызша да, жазбаша да жәдігерлерінен ойып орын алған Қорқыт бейнесі бір ғана көркемдік дүниенің жеміс еместігі, мұның астарында берісі нақтылы тарихи тұлға, арысы тұтас қоғамдық-әлеуметтік, саяси, діни дүниетаным тамыр тартып жатқан дәуірлік құбылыс жатқандығы даусыз. Байыптап қарасақ, исламнан бұрынғы идеология мен таным-түсінікке қатысы бар тұлғалардың қуаттысы да, жұртшылыққа кеңінен мәшһүр болғаны да Қорқыт есімі.