
Ата қоныс
Ата қоныс дегеніміз - атадан балаға мирас болып қалып отырған, кіндік қанымыз тамған киелі аймақ. Халқымыз "Ұлтарақтай болса да, ата қоныс жер қымбат" деп бекерден бекер айтпаған.
Әрбір адамға туған жері, туып өскен өлкесі, Отаны қымбат. Бауыржан Момышұлы атамыз кезінде "Отан үшін отқа түс, күймейсің" деп, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеген.
Туған жер, Атамекенді өлең-жырға қосқан ақын-жазушылар қаншама! Отан оттан да ыстық қой. Ата қоныс жерден жырақта жүрсең, туған жерің қашан да жүрегіңде болады, елге жеткенше асығып, шіркін, көк жайлауым-ай, асқар Алатауым-ай деп аңсамайтын адам жоқ шығар.
Туған жерді ешнәрсеге де айырбастауға болмайды, осы ретте дана халқымыздың "Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол" деген нақыл сөздері өте орынды айтылған. Себебі, туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас!
Сондықтан менің ойымша, қазірден бастап Елбасымыз айтқандай балалардың, жастардың санасында "қазақстандық патриотизм" яғни отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, бойларына сіңіруіміз керек. Сонда ғана саналы ұрпақ тәрбиелеп, материалдық – рухани игілігімізді, сана – сезім мен төл мәдениетімізді қалыптастыра аламыз. Осындай тәрбие алып өскен ұрпақ келешекте Атамекен атын асқақтатып, Еліне барынша қызмет етіп, өз іздерін қалдыра алады.
Біздің өміріміздегі ең қымбат нәрсе - ол уақыт. Адам белгілі бір уақытта жаратылды, уақытша жаратылды. Уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Уақытты қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыттың адамға бағынбайтын өз заңдылығы бар. Қазақта уақытқа қатысты "қас қағым сәт", "көзді ашып-жұмғанша", "қамшының сабындай қысқа ғұмыр" тәрізді сөз тіркестері бағзы заманнан қалыптасқан. Уақыт - емші, уақыт - төреші деген де бар. Осылайша, ата-бабамыз уақыттың бағасын жете түсініп, оның қадір-қасиетін ұрпақтарына жеткізуді қалаған.
Уақытты зая кетіру - ең ауыр өкініш. Уақытын қадірлемеген жан көптеген мүмкіндіктен айырылып қалады. А уақытын ұтымды пайдалана білгенде ғана көздеген мақсатына жете алмақ. Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: Қартаймай тұрып жастық шақтың қадірін біл, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін біл, кедейліктен бұрын байлықтың қадірін біл, қысылтаяңнан бұрын бос уақытты қадірле және өлмей тұрып, тірілігіңді ғанибет біл деген сөз содан қалса керек.