Белгілі жыршы-термеші Сүгір Бегендікұлын кім білмейді? Оның орындауындағы шығармалар мәдениетіміздің ұлттық қазынасына айналды. Әсіресе, батыс өңірінің, соның ішінде Маңғыстаудың дәстүрлі ән, жыр мектебін қалыптастыруда оның өзіндік үлесі мен қолтаңбасы бар. Бүгінде Сүгірдің сазы, Сүгірдің термесі кең-байтақ қазақ елін шарлап кетті. Шет елдерде де орындалып, қазақ деген халықтың терме өнерінің құдіретін әлемге таратып, паш етті. Оның шығармасын орындаушылардың бүтін бір тобы қалыптасты.
С.Бегендікұлы жақсы орындаушы болумен бірге, өзі ән-терме шығарып, өзіндік мектеп қалыптастырған белгілі сазгер де. Мәселен, қазіргі күнде сахнадан түспей орындалып жүрген «Сүгірдің термесі» соның бір мысалы. Оның қайталанбас, өзіндік мақамын айтыс ақындары да пайдаланып жүр. Осындай тума талантқа өзінің кіндік қаны тамған жерінде құрмет те аз көрсетіліп жатқан жоқ. Кызылсай ауылындағы орта мектеп оның атымен аталады. Мектеп алдына келісті ескерткіші де қойылды. Осының барлығы белгілі өнер иесіне деген халықтың ыстық ықыласы деп білген жөн.
Қашан да тума таланттар мен шығармашылық азаматтарға қамқор болып, қолдап жүретін Жаңаөзен қаласының әкімдігі өнер сүйер қауымның өтініші мен тілегін ескере отырып, термеші сазгердің Қызылсай ауылынан жеке мұражайын ашуға мұрындық болды. Және осы игілікті істің басы-қасында жүрген ауыл әкімдігі мен ақсақалдар кеңесінің еңбегін де ұмытуға болмайды.
Жаңа мұражайдың ашылуы ауылда үлкен той ретінде өтті. Ақындар айтысы мен мүшәйрасы, түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Сүгірдің шығармаларын қазіргі жас өнерпаздар келстіре орындады. Салтанатқа Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев қатысып, жаңа нысанның ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтап, Сүгірдің ізбасарлары жас толқынға дәстүрлі халық өнерін дамытып, насихаттауда ақ жол тіледі. Шараны ұйымдастырып, өткізуге атсалысқан бір топ азаматтарды марапаттады.
Осы арада айрықша бір айта кетер мәселе, соңғы жылдары аймақтың шығармашылық азаматтары мен жастарын көтермелеп, қолдау білдіру де жақсы бір дәстүрдің қалыптасып келе жатқандығы. Бұған бірнеше жергілікті авторлардың кітабының шығып, шығармашылық кештерінің өтуі куә. Соның бір мысалы ретінде жақында ғана елімізге белгілі дүлдүл күйші Сержан Шакраттың 75 жылдық мерейтойының аймақ көлемінде аталып өтуі.
Қазір Маңғыстауда рухани түлеу мен жаңару бар. Халықтық дәстүр мен өнерді құрметтеп, көкке көтеру бар. Бұл аймақтың жан- жақты кемелдене түскендігін көрсетеді. Жерлесіміз Сүгір Бегендікұлына көрсетілген құрмет соның бір мысалы.
«Дүкенде» шағын әңгіме.
Қазіргі таңда дүкеннен кез – келген тауарды сатып алуға болады. Кішігірім дүкендер ет дүкені, көкөніс дүкені, азық – түлік дүкені, жуғыш заттар дүкені, балалар дүкені т.б. болып бөлінсе, сонымен қатар үлкен супермаркеттерде осы аталған заттардың барлығы бір жерде түрлі бөлімдерге бөлінген.
Мен анаммен дүкенге барғанды ұнатамын. Біз көбінесе тәулік бойы жұмыс істейтін «Магнум» супермаркеттер желісінен үйге керекті азық – түлік пен басқа да қажетті заттарды бір жерден сатып аламыз. Әдетте, анам керекті заттар тізімін жазып, өзімен бірге алып жүреді. Мен, әсіресе, көкөніс пен жеміс – жидек бөлімінде сауда жасағанды ұнатамын – бұл жерде әрбір сатып алушы өзіне керегінше көкөністерді таңдап, өзі таразыға салып өлшеп, бағасын жапсырады. Анам маған бұл бөлімде заттарды таразыға салып өлшеп, электронды таразының батырмасын өзіме басуға рұқсат береді. Осылайша картопты өлшеп тұрғанда, бір әжейдің қиналып, таразының қай жерін басатынын білмей тұрғанын байқадым. Дереу әжейдің қасына келіп, таңдаған затып өлшеп, бағасын да жапсырып бердім. Маған бұл еш қиындық тудырмады. Ал әжей болса, маған батасын беріп, риза болды. Анамның да маған күлімсіре қарап, мәз болғанын байқадым.