Астана арман қала
Астана - Еуразияның қақ ортасында орналасқан еліміздің бас қаласы. Бұрынғы аты - Ақмола, Елбасымыздың 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Астана қаласы болып өзгертілді. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша "әлем қаласы" атағын алды.
Жаңа қала Астана қарқынды дамып келеді. Небәрі жиырма жылдың ішінде қалада қаншама зәулім үйлер мен ғимараттар бой көтерді. Халық саны басында 270 мыңнан қазір миллион тұрғынға жетті. Елордада халықаралық, мемлекеттік ұйымдардың бас филиалдары орналасқан. 2011 жылы Астанада 7 - ші Азия ойындары өткізілген болатын, ал 2017 жылы Халықаралық EXPO 2017 көрмесі өткізілді.
Елордамыз әлемдік қартада өзіндік ерекше орны бар, қайталанбас тарихы мен мәдениеті бар астана ретінде танылған.
Қазіргі таңда астанамыз әлемдік, іскерлік байланыстың күре тамырына айналып отыр. Оның өзі Елбасының ізгі саясаты, көрегендігі мен кеменгер ойының жемісі, арманы, мақсаты, халқының тарихынан нәр алғандығы шығар. Астанамыздың шаңырағы биікке көтеріліп, уығы нық қадалып, керегесі келісті жайылды деуге болады. Астана қазірдің өзінде азиялық байтақтардың арасындағы ең бір еуропалық қала. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Еуразиялық ел екенін, оның астанасының орасан зор қос құрлықтың өкпе тұсында орналасқанын, демек келешекте қаланың осынау ұлан-ғайыр кеңістіктің қуатты желілері тоғысқан торабына, 21 ғасырдағы экономикалық, технологиялық, ақпараттар тасқынының арнасына айналатынын атап көрсеткен болатын.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі күнімен құттықтау.
Сіздерді Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
«Тәуелсіздік» ұғымы кімнің болмасын бойында мақтаныш сезімін оятып, ұлтжандылыққа жетелейтіні анық. Тәуелсіздік таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз, әрбір адам кеудесін көтеріп, мақтанып айтатын қасиетті ұғым. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.
Сонау ата-бабаларымыздың, аға-апайларымыздың рухын таптамас үшін, кейінгі ұрпақ тыныш елде мекен етсін деп ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтап қалған жер үшін, атамекен ел үшін еңбектерін, төккен терлерін зая кетірмес үшін біз өз Тәуелсіздігімізді мықты әрі берік етіп сақтау - біз үшін міндет.
Сондықтан Сіздерге тілерім - Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болсын! Желтоқсанның ызғарлы желі енді соқпасын! Бейбіт заманда өмір сүріп, аспанымыз әрқашан ашық болсын! Бір шаңырақтың астында тату – тәтті өмір сүріп, еркіндігімізді сақтайық! Еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсейік! Тәуелсіз Қазақстанымыз жасасын! Тәуелсіздік күні құтты болсын!