Қазақ халқының қонақ күтуі мен қонақжайлығы туралы.
Баяғы заманнан бері осы күнге дейін жеткен дәстүріміздің бірі мен бірегейі – келген қонаққа дастарқан жаю. Бұл дәстүр тек қонақжай қазақ халқына ғана тән дүние десем, артық айтпаспын, себебі үйге қандай кісі келмесін «ең болмаса нан ауыз тиіп кету керек» деген ұғым санамызда бала кезімізден қалыптасқан. Қазағым қашан да бар асылын, бар тәттісін «қонақ жесін» деп сақтаған. Қазақ халқы үшін дастарқаннан үлкен, дәмнен үлкен нәрсе жоқ. Ақсақалдар да үнемі «Дастарқан тек қуанышты себептермен жайылсын! Дастарқан мол болсын! Осындай үлкен дастарқан басында жинала берейік!» деп бата беріп, тілектерін айтып жатады.
Дастарқан жайғанда міндетті түрде ең алдымен нан қойылады. «Ас атасы – нан» деген мақал осыдан шықса керек. Ұннан жасалынған тағамдар бағзыдан-ақ ақ дастарханымыздың сәні болып келген. Қазақ өзінің шаңырағындағы кез келген жиында дастархан үстінен нанды алыстатпайды.
Сыйлы қонақ келсе, бұрынғы кезде мал сойылып, ет асылса, қазіргі заманда мал сойылмаса да, қазанды отқа қойып, қонақтың кәдесін асып береді. Күн демей, түн демей қазан асуға келгенде қарап қалмайтын қазақ аналары мен келіндері ет тамақты нақышын келтіріп дайындайды. Бүгіндері қырық күн тойын, отыз күн ойын жасамасақ та, кез келген жиында осы ас бірінші мәзірде тұрады.
Жалпы алғанда, қазақтың дастарханы – киелі нәрсе. Бұл тек жайылған шүберек немесе оған қойған ас-ауқат қана емес, бұл – адамның пейілі, ішкі жан-дүниесі, мейірім-шапағаты. Ендеше дастарқанымыз тек қуанышқа жайылсын!
Мен Қазақстан қалаларын аралағым келеді
Мен өз басым Қарағанды облысының орталығы Қарағанды қаласында тұрамын. Ұлан байтақ еліміздің ірі қалаларын аралау - менің арманым. Әзірге осы арманымды ата - анамның арқасында ақырындап жүзеге асырып келемін. Жазғы демалыста отбасымызбен демалуға бір қаланы таңдап, сонда жол жүреміз. Әзірше біз киелі Түркістан, жер жәннаты Жетісудың орталығы - Талдықорған, оңтүстік астанамыз Алматы және еліміздің бас қаласы Астанаға сапар шектік. Әр қаланың өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Мысалы, Түркістанда біз киелі жерлерді аралап, аптап ыстықта жер асты құдығының суын ішіп, бұрынғы заманның сәулет өнері туындыларына тамсандық. Ал Жетісу өңірінде таудан сырқырап аққан Қаратал өзенінің бойында серуендеп, таза ауада демалып, табиғаттың сұлулығына тәнті болдық. Оңтүстік астанамыз аталып кеткен Алматыда серуендеп қыдырудың өзі арман ғой, Алматыны тіпті өлең - жырға қосқан ақын - жазушылар қаншама десеңші. Алматыда серуендейтін жерлер өте көп. Солардың ішінде біз Көктебеге көтеріліп, әсем Алматыны жоғарыдан алақанымыздағыдай көріп таң қалдық. Аты әлемге әйгілі Медеу мұз айдынында коньки тептік, Абай атындағы ұлттық опера және балет теартының кезекті қойылымын тамашалап, Ә.Қастеев атындағы сурет галереясына да барып үлгердік. Еліміздің жүрегі - Астананың да көрікті жерлері аз емес, жыл сайын олардың қатары толықтырылып келеді. Тәуелсіз Қазақстанның сәулеттік символына айналған «Бәйтерек» монументі, «Хан-шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы және «Думан» ойын-сауық кешені біздің отбасымыздың сүйікті демалу орындары.
Келешекте Қазақстанның Қостанай, Павлодар, қарт Каспийдің жағасында орналасқан Ақтау, Атырау, сонымен қатар шырайлы Шымкент қалаларын аралағым келеді.