Объяснение:
Қыпшақ Сейітқұл Маманұлы (18 ғасырдың 70-жылдары, Сыр бойы — 19 ғасырдың 30-жылдары, қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Қарабидайық мекені) — есімі аңызға айналған егінші. Орта жүздегі бес таңбалы қыпшақтың торы бірлестігінен тарайтын жеті арыс қитаба руынан шыққан. Сыр бойындағы иеліктері егін шаруашылығына тарлық ете бастаған соң Торғай өңіріне келіп, Қабырға өзені бойындағы Қарақоға деген жерге тұрақтаған. Өзен жағалауына шығыр орнатып, аяқ егін, атпа егін әдістерін пайдаланып, өзеннен арықтар тартып, бөгендер салып, суармалы егіншілікті қолға алған. Диқанның бұл еңбегі жемісті болып, 5 — 6 жылдың ішінде алғаш келіп қоныстанған 12 үй 400-ге жеткен. Қыпшақ Сейітқұлдың аса шығымды ақ тарысының тұқымы кейін бүкіл Торғай, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Қарқаралы өңірлеріне тарады. Диқанның барымташылардан сақтану үшін тұрғызған дуалы мен су тартқан арықтарының қалдықтары Көкалаат, Қызылоба, Қарақоға деген алқаптарда әлі күнге дейін сақталған. Қыпшақ Сейітқұл асқан шебер, сөзге шешен адам болған. Мұраптың егіншілік дәстүрін халық арасына кең таратып, насихаттау үшін ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин “Қыпшақ Сейітқұл” деген әңгіме жазып, оқулығына енгізген.
Объяснение:
Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер либералды көзқарасын исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.
Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» - тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.Абай 23 тамыз 1845 ж. қазіргі Семей облысының Шыңғыс тауларында Қарқаралының аға сұлтаны Құнанбайдың төрт әйелінің бірі, екінші әйелі Ұлжаннан туған.
Ақынның арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек есімді 3 ұрпақ тарайды. Бұлардың әрқайсысы кейін бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай, деген 4 ұл туады.Бұлардың әкесі момын, шаруа адамы, ал шешесі өткір тілді, өр мінезді әйел болған