Қазақ – табиғатында кеңдікті, дарқандықты жақсы көретін халық. Сондықтан ұлымыздың қанындағы адами құндылықтар, барлық қасиеттер кең болу, жомарттық, адалдық, ар, намыс, ұят, адамгершілік, абырой, тәрбие ұғымдарымен астасып жатыр. Әсіресе ұят, абырой, адамгершілік намыс ұғымдарының тілдегі бейнеленуі, лингвофилософиялық көрінісі кең әрі жан-жақты талдауды қажет етеді. Себебі сөз арқылы, сөздің астарымен мәні зор ұғымдарды жеткізудің шебері атанған қазақ халқының тілмен тәрбиелеу құдіреті күшті. Сондықтан қазақтың әрбір даналық сөзінде үлкен тарихи оқиға, философиялық терең ой, ұлттық тәрбие негізі жатыр.