Қазақтың ұлттық қолөнері.
Қай халықтың болмасын сан ғасырдан бері келе жатқан ұлттық мұрасы мен рухани қазынасы ұлттық нақыштағы өзіндік қолөнері болады. Халық шеберлері мен ұсталары ұлттық қолөнер бұйымдары арқылы халқымыздың дәстүрі мен тұрмыс – тіршілігін көрсете білген.
Халқымыздың ою, тігу, құрастыру, тоқу, мүсіндеу, бейнелеу сияқты ұлттық қолөнер түрлері бар. Бұлар сан ғасырлық тарихы бар, дегенмен қазіргі заман ағымына сай кейбір өзгерістерге ұшырап келе жатқан қолөнер түрлері.
Нақты қолөнер туындыларына тоқтала кетер болсақ, ұсталар: найза, қылыш, айбалта, семсер сияқты қару-жарақ түрлерін әзірлеген. Ал ағаш шеберлері киіз үйдің сүйегінен бастап, үй мүліктері: сандық, кебеже, асадал, тостаған, ожау, астау және музыка аспаптары: домбыра, қобыз, шертер, т.б. даярлаған. Зергерлер сәндік әшекейлік бұйымдар: сырға, білезік, алқа, өңіржиек, бойтұмар, шашбау, т.б. жасаған. Ісмерлер тоқыма, киіз басу, киім тігу өнерін дамытқан.
Бүгінгі ғылым мен техниканың дамыған заманында ұлттық қолөнеріміз жас ұрпақ үшін қалыс болып бара жатқаны бәрімізге аян. Ұлттық болмысымызды жоғалтпай, ұлттық қазынамызды сақтап қалуды Елбасымыздың өзі «Қазақстан – 2030» мәдени мұра бағдарламасын стратегиясында алға міндет етіп қойған болатын. Сондықтан ұмыт болып бара жатқан қолөнерімізді қолға алып, одан әрі дамытып, кәдемізге жарату керек деп ойлаймын. Қазіргі кезде егеменді елімізде бізге жастарға әсемдік тәрбие беруде ерте заманның мәдени мұрасы айрықша қызмет атқарады. Сондықтан ұлттық қолөнерді қайта жаңғыртудың бірден – бір жолы сынып сағаттарына ақ жаулықты апа – әжелерімізді шақырып, олардың өсиетімен қоса, өнерін де бойымызға сіңіру керек деп ойлаймын.
Менің хоббиім - спортпен шұғылдану.
Әр адамның өзіндік талғамы мен ішкі дүниесіне сай сүйікті ісі болады. Біреулер би билеп, өз орнын тапса, енді біреулер ін айтады, басқалары спортпен шұғылданады.
Менің сүйікті хоббиім - спортпен шұғылдану, атап айтқанда, волейбол. Арнайы спорт мектебінде жаттығып жүргеніме екі жылдан асты. Жаттығу күндерін асыға күтіп, бар күш - жігерімді жұмсап айналысамын. Болашақ өмірімді де спортпен байланыстырамын. Жаттықтырушыларымның арқасында бірнеше спорт сайыстарының жеңімпазы, жүлдегері атанып жүрмін.
Спорт денсаулық кепілі болғандықтан, өз денсаулығымызға немқұрайлы қарамауымыз керек және әрбір адам жасы мен жұмысына қарамастан денсаулығына көңіл бөліп, спортпен шұғылдану керек деп ойлаймын. Өз басым спорт үйірмесіне күнде бармасам, күнделікті таңертең жаттығу жасаймын. Таңертең бір мезгіл жүгіріп, кешке арнайы жаттығулар жасамақпын.
Спортпен шұғылданудың арқасында денім сау, ал өзім шымыр боламын.
Қай спорт түрі болмасын үлкен табандылық пен төзімділікті талап етеді. Жеңіс оңай келмейтінін есте сақтауымыз керек. Тек қажырлы еңбек пен алға қойған мақсатқа ұмтылу арқылы биік белестерден көрініп, еңбегіміздің жемісін бағалай аламыз.