Абай Құнанбаевтың "Күз" өлеңінен үзінді
Күз
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан?
Жасыл шөп бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.
Біреу малма сапсиды, салып иін,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.
Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шомшы жүр, ол — бір керуен.
Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.
Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.
Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы.
Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы.
От жақпаған үйінің сұры қашып,
Ыстан қорыққан қазақтың құрсын заңы
Аяз би - қазақ ертегісі.
Ертегідегі Жаман – қазақ ауыз әдебиетіндегі ел басшысының үлгілі бейнесі. Ол – қарапайым, парасатты, адал, шыншыл, көреген, тапқыр, кішіпейіл, іззетті, көпшіл, қайырымды, қанағатшыл. Бұл қарапайым халық бұқарасының «елді осындай адам басқарса» деген арманынан туған бейне.
Өмірдегі реалды нәрсенің өзін әдейі өзгертіп көрсету – ертегі жанрының өзіндік қасиеті болғандықтан, ертегіші де оның мазмұнын барынша әсірелеп көрсетуге, сырлы да ғажайып етіп көрсетуге күш салады. Мәселен, «Аяз би» ертегісіндегі ханның әлсіз, жоқ-жітік, жаман қойшының ақыл-парасатын мойындап, оған хандық тағын сыйлап беруі өмірде әсте болуы мүмкін емес жағдай. Бірақ ертегіші осылай баяндайды, тыңдаушы оған иланады. Өйткені ертегіні айтушы да, тыңдаушы да өмірде бір рет болса да солай болғанын қалайды, соны армандайды. Қысқасы, Аяз биді өмірде болған тарихи тұлға дегеннен гөрі, халықтың «ел басқаратын адам осылай болу керек» деген арманынан туған Арман ханы, ел билеушіге тым ертеде ескерткен халық даналығы мен асқақ мұратының көрінісі деген орынды.