
Ит адамның досы ғой, талас бар ма
Ортамыздан хақың жоқ аластауға
Компасың боп үйіңе алып келер
Борандарда, түндерде адасқанда- деп басталатын Свет Оразаев атты ақынның өлеңі болушы еді.
Алыпсоқ
Мен де барлық ер балалар секілді күшік асырағанды ұнататынмын. Мен бірінші класқа барған жылы аудан орталығындағы ағамыз овчарка күшігін әкеліп берді. Көзінің үстінде екі сарғыш ноқаты бар әдемі төрткөз күшікке «Алыпсоқ» деп ат қойдым. Маңайдағы күшіктерді алып соқсын деген ниетпен. Алыпсоқ үлкен, әдемі ит болып өсті. Кейінірек әлгі ағам мал ұстағандықтан үлкен, сақ ит керек деген соң Алыпсоқты беріп жібердік. Ит қанша жасайтынын біле алмадым. Өздерінше жыл қайыруларымен нешеге келгенін қайдам, мен әскерге кеткенде ағамның ауласында шынжырын сүйретіп жүргені есімде. Басы ғана қалыпты байғұстың. Күзетуден де қалыпты, алдындағы асын әрең ішетін.Ағам атуға аяп, машинасының артына салып алып басқа жаққа апарып тастасада қайтып келіп жүрді. Мен әскерден келетін жылы бір көршісі атып тастапты, кімнің өтініші екенін…
Көкқасқа
7-8 оқитын кезімде Көкқасқа атты төбеттектес күшігім болды.Тазыдан туған(тазының да тазалығына күмәнім бар).Ерекше күтім көрсеттім бұл итке. еркелеткенде терісін жүннің ығына кері қарай сипап өсірдім. Бетті ит болып өсті. Маңайдағы күшіктерді талап өскен неме ит болған соң тіпті құтырды.Көрші Ербол деген баланың иттері өмір бойы менің иттерімді талап кететін.Ол үйде 5 ит болса бесеуі де ұйымшыл болушы еді. Маған біткен иттерді күшігінен талап бетін қайтаратын. Сол Ерболдың бар иті талап жатқанда қыңсылауды білмейтін. Көзі қызарып, желкесін күжірейтіп әлі жетілмеген азуын көрсете айбат шегетін. Ерболдың қасқыр алған Ақдауылынан да ықпайтын. Бір-екі қар басқан соң ауылды аралап кететінді шығарды.Мал сойған үйдің бар жылы-жұмсағын жеп, сол үйдің иттерін талап кетіп жүрді.Ит тойған жеріне деген сол дағы… Кейін біреу атып тастады ма жоқ болып кетті. «Тау жақтан ит пе қасқырма бірдеңе көрдік» дейтіндердің сөзіне елең ете қалатынмын. Көкқасқа қайтып келе ме екен деп…
Құмай
«Жаман иттің аты Бөрібасар»-демекші бұл аты айтып тұрғандай құмай тазы емес еді. күзет мақсатында қойылған дүбара ит. Бірақ маған қатты берілген ит еді. көршінің иттерімен қосылып өз тауықтарымызды жеп кететін. Бұл итті жазып отырған себебім бар. Мылтықты итке қарата көтеруім осы Құмайдан басталады. Кейін жайлауда жүргенде бірер бөтен итті атқаным бар,себебі,құтырған ит қасқыр секілді қойды тартып кете береді екен. Атқа ерітіп, алысқа апарып атайын десе ағаларыма атқызбай қашып кетіп отырған. Ал, кезек маған келгенде Құмай қашпады. Көзін жұмбастан маған қарап тұрды.Керісінше мен көзімді жұмып аттым ғой деймін. Тілі салақтап қисая құлап бара жатқандағы көзі көпке дейін көз алдымнан кетпей жүрді…
Қазақ халқының қонақ күтуі мен қонақжайлығы туралы.
Баяғы заманнан бері осы күнге дейін жеткен дәстүріміздің бірі мен бірегейі – келген қонаққа дастарқан жаю. Бұл дәстүр тек қонақжай қазақ халқына ғана тән дүние десем, артық айтпаспын, себебі үйге қандай кісі келмесін «ең болмаса нан ауыз тиіп кету керек» деген ұғым санамызда бала кезімізден қалыптасқан. Қазағым қашан да бар асылын, бар тәттісін «қонақ жесін» деп сақтаған. Қазақ халқы үшін дастарқаннан үлкен, дәмнен үлкен нәрсе жоқ. Ақсақалдар да үнемі «Дастарқан тек қуанышты себептермен жайылсын! Дастарқан мол болсын! Осындай үлкен дастарқан басында жинала берейік!» деп бата беріп, тілектерін айтып жатады.
Дастарқан жайғанда міндетті түрде ең алдымен нан қойылады. «Ас атасы – нан» деген мақал осыдан шықса керек. Ұннан жасалынған тағамдар бағзыдан-ақ ақ дастарханымыздың сәні болып келген. Қазақ өзінің шаңырағындағы кез келген жиында дастархан үстінен нанды алыстатпайды.
Сыйлы қонақ келсе, бұрынғы кезде мал сойылып, ет асылса, қазіргі заманда мал сойылмаса да, қазанды отқа қойып, қонақтың кәдесін асып береді. Күн демей, түн демей қазан асуға келгенде қарап қалмайтын қазақ аналары мен келіндері ет тамақты нақышын келтіріп дайындайды. Бүгіндері қырық күн тойын, отыз күн ойын жасамасақ та, кез келген жиында осы ас бірінші мәзірде тұрады.
Жалпы алғанда, қазақтың дастарханы – киелі нәрсе. Бұл тек жайылған шүберек немесе оған қойған ас-ауқат қана емес, бұл – адамның пейілі, ішкі жан-дүниесі, мейірім-шапағаты. Ендеше дастарқанымыз тек қуанышқа жайылсын!