Мен де бір ой айтайын ...
«Қазіргі заманда үш тіл білу - міндет».
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа кезекті жолдауында үш тұғырлы тіл жобасын кезеңдеп іске асыруды ұсынған болатын. Бұл жағдайда Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылады. Бұл тілдер: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – халықаралық бизнес пен экономика тілі.
Болашақ осы үш тілді қатар, жетік меңгерген жастарымыздың қолында болмақ. Себебі қазіргі жаһандану заманында бәсекеге барынша қабілетті жастардың болашағы жарқын болмақ.
Қазақстан Республикасы Болон процесіне мүше болғаннан бері үш тұғырлы тіл мәселесі өз маңызын жоғалтпай, керісінше арта түсуде. Қазіргі кезде үш тілді қатар меңгеруге бар жағдай жасалып отыр, сол мүмкіндікті барынша пайдалану керек деп есептеймін. Бұл да қазіргі заман талабы. Тез өзгеріп жатқан дұниеде өмір сүріп, өз орныңды табу үшін жан – жақты болу керек. Дана халқымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деп қазіргі заман талабына сай көрегендікпен, қалай терең ойлап айтқан десеңші...!
Осы орайда мен де өз келешегімді шет тілдерімен байланыстырамын. Қазірдің өзінде мектепте ағылшын тіліне ден қойып, орыс тілін де жетік меңгеруге тырысып жүрмін.
Қазақ батырлары туралы.
Ел тағдырын бәрінен биік қойған, ұлттың тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары қазақ тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған. Яғни, олар ұлттық тұлға болған. Осы ұлттық тұлға тұғырына көтеріліп, аты аңызға айналған, тарихта есімдері қалған, келер ұрпаққа үлгі болатын сан мыңдаған батырлар бар.
Қазақ ұлтының бағына орай әр ғасырда жаужүрек, батыр ұлдары мен қыздарын мол жаратқан. Ұлт содан аман қалып, көптен аңсаған Тәуелсіздікке де қол жеткізіп, Қазақ елі жаудың қолында кетпеді. Осылайша, ол шеті мен бұл шетіне құс қанаты талатын казіргі кең байтақ өлкемізді, құтты қоныс, ата мекенімізді ұлы жорықтарда батыр бабаларымыз білегінің күшімен, найзасының ұшымен қорғай жүріп бізге аманаттап қалдырды. Бүгінде есімдері тарихқа алтын әріптермен жазылған Абылай ханның бас қолбасшылары саналған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай бір төбе болса, тағы да осылардың қатарында бір шоғыр қазақ батырларының: Қарасай мен Ағынтай, Саңырық пен Тайлақ, Өтеген мен Сұраншы, Сеңкібай мен Шойбек, Малайсары мен Райымбек, Бөлек пен Сатай, Жәнібек пен Тілеуке, Қылышбек пен Естенбек, Есенқұл мен Сыпатай сынды ақберендердің есімдері де айрықша жарқырап көрінеді. Қай-қайсының болмасын өзіндік ерекше орны бары анық, халық оларды ерекше құрметтеп, ән мен жырға қосқан. Ендігі біздің міндетіміз - осы батырлар бізге аманаттап қалдырған бейбіт еліміздің Тәуелсіздігін тұғырлы етіп, одан әрі көркеюіне үлес қосу.