Достық – мәңгілік тақырып «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды» деп ата-бабамыз тегін айтпаған. Сонымен қатар бұл тақырыпты өз жырына қоспаған ақын кемде-кем. Сондай тақырыпты айналып өте алмаған ақындардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Ақынның көңіл күй лирикаларының ішінде 1926 жылы жазылған «Сыр сандық» атты өлеңі көрнекті орын алады. Ол өлеңін «Досқа жазылған хат» деп атаған. Адамдар арасындағы адал достық пен сезім тазалығын шерткен бұл шығармада ақын адамның рухани дүниесін биік құздың басына тығылған кілттеулі сыр сандығына балайды. Екінің бірі сол құздың басына шығып, сыр сандықты аша алмайды. Оны жан сырын терең ұғынған адал достар ғана аша алмақ. Сыр сандығын ашып, адам жанының сым пернесін басқанда ғана дос көңілі, сыры шертіледі. Адалдық пен арамдық, мансап пен ар-ұждан, достық пен қастықтың ара жігін аша жазып, адам үшін құнды байлық – достықты жырлайды. Дос көңілін шыңдағы қоймаға, алтын сарайға балайды. Лирикалық кейіпкер – ақынның өзі достық сезімін құзды шыңға, нулы шатқалға, мөлдір суға, қымбат жасауға ұқсатады. Жанама, жағымсыз достарды қаламайды. Алтын сарай – шын достыққа нағыз дос ие болады дегенді айтады. Сұлу пернелер – адам бойындағы жақсы, жағымды қасиеттер. Адамдағы асыл қасиеттер шын достыққа жеткізетінін ақын тебірене жырлайды. Өлеңде жаныңды түсіне білетін шынайы достарға «қолыңда жемің барда шырқ айналып, жем таусылса, жалт беретін жанама достар» қарсы қойылған. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген де бар. Шындықты шырылдатып бетіңе айту да достың міндетіне жатады. Осындай адал достыққа не жетсін, шіркін! Шынайы достарымыз көп болсын! Дастан Қастай
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, Басқан жері сықырлап, келіп қалды. Дем алысы - үскірік, аяз бен қар, Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды. Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып, Аязбенен қызарып ажарланды. Бұлттай қасы жауып екі көзін, Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды. Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда, Алты қанат ақ орда үй шайқалды. Әуес көріп жүгірген жас балалар, Беті-қолы домбығып, үсік шалды. Шидем мен тон қабаттап киген малшы Бет қарауға шыдамай теріс айналды. Қар тепкенге қажымыс қайран жылқы Титығы құруына аз-ақ қалды. Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр, Малшыларым, қор қылма итке малды. Соныға малды жайып, күзетіңдер, Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды! Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін, Құр жібер мына антұрған кәрі шалды.