Менің сүйікті тағамым
«Ас адамның арқауы» демекші, дәмді тағам ішкенді бәрі де ұнатады. Бірақ әркімнің сүйсініп жейтін тағамдары болады. Мысалға, мен ет тағамдарын жақсы көремін, әсіресе, ұлттық тағамымыз етті сүйсініп жеймін. Анам мерекелік күндер мен туған күндерге үнемі ет асып, үлкен дастарқан жаяды, бұл біздің отбасылық дәстүріміз десем де болады. Әдетте, қамырды анам қолдан жайып, сорпаға етпен бірге картоп пен сәбіз салып пісіреді. Ал тұздығына пияз бен сәбіз қосып дайындаған ұнайды.
Дегенмен ет асып, табақ тартқанның да ежелден келе жатқан өзіндік мән – мағынасы бар, соған тоқтала кетсем.
Ет - халқымыздың аса қадірлі қонаққа ұсынылатын кәделі тағамы. Сыйлы қонақтарға қойдың басын немесе ірі қараның шекесін, табақ - табақ ет тартады. Әр адамның жасы мен дәрежесіне сай түрлі мүшелер тартылады. Осыған орай табақ тарту – бас табақ, сый табақ, күйеу табақ, келін табағы, жастар табағы, жай табақ болып бөлінеді. Осы табақтарға сай ет (сүйек) мүшелері болады. Ол мүшелерді ауыстыруға болмайды. Бас табаққа бас, жамбас, омыртқа, қазы, қарта, жал, жая сияқты кәделі мүшелер салынады. Іліктік қатынасқа қарай: қарттарға жамбас, орта жастағыларға ортан жілік, омыртқа, күйеу мен қыздарға асықты жілік, төс, тағы сол сияқты рет-ретімен беріледі. Мойын омыртқа, тоқпан жілік, ірі малдың жамбасының шұқыршағы, жауырын, сирақ қонақтарға тартылмайды.
Ет тағамдарына сонымен қатар қуырдақ, сірне, жаубүйрек, борша, қарын бөртпе, әсіп, жөргем, қимай, ми палау жатады.
Ал соғым сойылып жатқан кезде дайындалатын қуырдақтың дәмін айтсаңызшы, тіл үйіреді...
Қазақстан Тәуелсіздігі туралы.
«Тәуелсіздік» ұғымы кімнің болмасын бойында мақтаныш сезімін оятып, ұлтжандылыққа жетелейтіні анық. Тәуелсіздік таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз, әрбір адам кеудесін көтеріп, мақтанып айтатын қасиетті ұғым. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.
Сонау ата-бабаларымыздың, аға-апайларымыздың рухын таптамас үшін, кейінгі ұрпақ тыныш елде мекен етсін деп ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтап қалған жер үшін, атамекен ел үшін еңбектерін, төккен терлерін зая кетірмес үшін біз өз Тәуелсіздігімізді мықты әрі берік етіп сақтау - біз үшін міндет.
Сондықтан Сіздерге тілерім - Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болсын! Желтоқсанның ызғарлы желі енді соқпасын! Бейбіт заманда өмір сүріп, аспанымыз әрқашан ашық болсын! Бір шаңырақтың астында тату – тәтті өмір сүріп, еркіндігімізді сақтайық! Еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсейік! Тәуелсіз Қазақстанымыз жасасын! Тәуелсіздік күні құтты болсын!