Қазақ халқы сиыр малының қылығын бақылап, сол арқылы ауа райының жағдайын алдын ала болжап айтатын болған. Таңертең ерте сиыр малын бақылағанда, олар желге қырыс қарап, бейғам күйсеп жатса, сол күні күн жылы, желсіз, жауынсыз, қарсыз болады. Егер күн бұзылатын болса, сиыр малы алдын ала біліп, уақыты болсада өрістен ауылға ерте қайтады. Сиыр малы өріске шығарда тынышсызданып жан – жағына қарап, басын шайқап мөңіресе, мазасызданса, қарлы борасын соғып, қар жауып, күн суытады. Жазда сауын сиырлары бұзауларына қарай мөңіресе, жауын жауардың ишарасы болмақ. Жауын жауып жатқанда бұқа мөңіреп, өкіре жүрсе, аспан ашылудың айғағы. Сиырлар жайылып жүргенде жүндері үрпейсе, ауа райы бұзылудың белгісі. Сиыр желге қарап жайылса, күн суытудың белгісі. Ал қыста, көктемде қай жаққа қарап жайылса да күн жылы жайлы болатынның белгісі болмақ. Сиыр кенеттен суалса, онда кешікпей ылғал жауын болады.
Табиғатқа саяхат.
Көптен күткен жылдың ең әсем жыл мезгілі – көктем де келіп жетті. Биылғы жылы қыс қатты болған соң, күн кеш жылынды. Табиғат ана қысқы ұйқысынан оянып, жер жүзі құлпыра түсті. Жылы жақтан құстар қайтып, "көктем келді" бір - бірімен жарыса айналаға жар салуда. Жердің бетіндегі қар еріп, алғашқы бәйшешектер де шыға бастады. Айнала әсем күйге еніп, табиғат жандана түсті. Осындай көктемнің шырайлы күндерінің бірінде демалыста отбасымызбен табиғат аясына серуендеуге шықтық. Қала сыртындағы орманда таза ауамен тыныстап, құстардың сыңғырлаған әсем әндерін тыңдап, біраз серуендеп үйге қайттық.