«Менің арман мектебім» шағын шығарма.
«Білім кілті – мектепте» демекші, мектеп – біздің екінші үйіміз. Менің есімде алғаш ұстазымның үнемі айтып отыратын сөздері қалыпты: «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деп мектеп жайлы өте орынды айтылған деп ойлаймын. Мектеп – бізді есейіп, ер жеткенше білім нәрімен сусындататын білім ордасы, үлкен ғалым – академиктер, саясаткерлер, қаржыгерлер, табысты кәсіпкерлер және де тағы басқа мамандық иелерінің барлығы мектеп қабырғасында білім алып, оны ары қарай шыңдай білген.
Мен қаламыздағы іргелі оқу орындарының бірі - №8 қазақ гимназиясында оқитынымды мақтан етемін, елімізге белгілі тұлғалар осы мектепте білім алған, болашақта мен де сол кісілер сияқты білімімнің арқасында биік шыңдардан көрінгім келеді.
Енді бір сәт қиялға беріліп, армандап көрейікші? «Менің арман мектебім қандай болу керек?» деген сұраққа жауап беруге тырысып көрейін. Әрине, ең алдымен жаңадан салынған не болмаса күрделі жөндеуден өткізілген, толықтай жаңартылған мектепте оқығанды армандаймын. Одан кейін – мектеп толықтай цифрландырылып, соңғы техникалық оқу – құралдарымен, зертханалық кабинеттермен толықтай қамтамасыз етілсе деймін. Одан кейінгі тілегім, шетелдегідей қашықтықтан оқыту технолоиясы енгізілсе, тіптен керемет болар еді. Мысалға, ауырып қалған күндердің сабағын үйден отырып оқып, дайындалсаң, құрбыларыңнан еш қалмайсың.
Қазірге бұл арман болып көрінгенімен, жақын болашақта мүмкін болады деп сенемін.
Мектеп-кеме, білім-теңіз болса, кітапхана – тәрбие мектебі. Кітаппен дос болу - өміріңді жақсы арнаға бұру деп түсінемін. «Адамды адам еткен-кітап, адамзат еткен-кітапхана» демекші, мен кітапхананы киелі орынға теңеймін. Өйткені бұл киелі орыннан өзіңе таусылмас байлық, рухани мұра аласың. Дана жазушыларымыздың қанатты сөздерін оқи отырып, бойымызға үлкен ой түйіп, бір өнеге аламыз. Әрбір кейіпкердің өмір жолы бір тарих.Сол тарихтан сыр шерте отырып, өзің де сол кейіпкерлермен бірге қуанып, бірге қайғырасың. Сөйте отырып өмірдің небір қилы тұстарына сапар шегесің. Жақсы мен жаманды ажыратуды үйренесің. Әрбір оқиға сені тәрбиелеп шығарады. Жүрегіңе жылулық, бойыңа адамгершілік қасиеттерін сыйлайды. Өзге елдердің тарихымен, мәдениетімен таныса отырып, белгілі бір ғылымда игереміз.Осындай ғажайып әсер сыйлайтын кітапханалардың заман талабына сай дамып, қоры байып отырса. Іздеген кітаптарыңды кітапханадан еш қиындықсыз табу қазірде үлкен мәселеге айналды. Сол себепті кітаптардың электрондық нұсқалары сауатты жазылып, сайттарға жүктелсе. Әрі ертеде жойылып кеткен тарихымыздың көзіне айналған кітаптардың қайта өңделіп, барлық кітапханаларда қолжетімді болғанын және де әрбір кітапқа құлаққап жалғанып, онда тақырыпқа сай әуендердің дыбысталуын қалар едім. Себебі ол оқып отырған адамды әңгімеге немесе аңызға онан әрі қызықтыратыны анық.