Қазақ халқының қонақ күтуі мен қонақжайлығы туралы.
Баяғы заманнан бері осы күнге дейін жеткен дәстүріміздің бірі мен бірегейі – келген қонаққа дастарқан жаю. Бұл дәстүр тек қонақжай қазақ халқына ғана тән дүние десем, артық айтпаспын, себебі үйге қандай кісі келмесін «ең болмаса нан ауыз тиіп кету керек» деген ұғым санамызда бала кезімізден қалыптасқан. Қазағым қашан да бар асылын, бар тәттісін «қонақ жесін» деп сақтаған. Қазақ халқы үшін дастарқаннан үлкен, дәмнен үлкен нәрсе жоқ. Ақсақалдар да үнемі «Дастарқан тек қуанышты себептермен жайылсын! Дастарқан мол болсын! Осындай үлкен дастарқан басында жинала берейік!» деп бата беріп, тілектерін айтып жатады.
Дастарқан жайғанда міндетті түрде ең алдымен нан қойылады. «Ас атасы – нан» деген мақал осыдан шықса керек. Ұннан жасалынған тағамдар бағзыдан-ақ ақ дастарханымыздың сәні болып келген. Қазақ өзінің шаңырағындағы кез келген жиында дастархан үстінен нанды алыстатпайды.
Сыйлы қонақ келсе, бұрынғы кезде мал сойылып, ет асылса, қазіргі заманда мал сойылмаса да, қазанды отқа қойып, қонақтың кәдесін асып береді. Күн демей, түн демей қазан асуға келгенде қарап қалмайтын қазақ аналары мен келіндері ет тамақты нақышын келтіріп дайындайды. Бүгіндері қырық күн тойын, отыз күн ойын жасамасақ та, кез келген жиында осы ас бірінші мәзірде тұрады.
Жалпы алғанда, қазақтың дастарханы – киелі нәрсе. Бұл тек жайылған шүберек немесе оған қойған ас-ауқат қана емес, бұл – адамның пейілі, ішкі жан-дүниесі, мейірім-шапағаты. Ендеше дастарқанымыз тек қуанышқа жайылсын!
Ата-баба аманатына қазіргі уақытта қиянат жасай бастағандар көбейіп жатыр. Ата-бабамыз біздерге оқыңдар, елді алға қарай бастаңдар, адал болыңдар, жігіттік немесе қыздық мәртебелеріңді жоғалтпаңдар, деп өсиет қалдырып кеткен. Ал қазіргі уақыттағы жастар, арам жолдарға түсіп, аманатқа қиянат жасап жатыр. Еліміздің сан ғасырлық тарихында мақтаныш тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар, кеудемізге қиналғанда үміт отын жағар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. «Маған туған жердің бір уыс топырағы да қымбат», деп жауға шапқан батырларымыз қаншама. Сол ата-әжелерімізді, аға-апаларымызды еске алсақ біз олармен мақтанамыз,ерліктеріне сүйсіне қараймыз. Олардың қатарында, қазақтың ұлт болып ұйысуын, ұлттық мемлекетіміздің бастауы – Қазақ хандығының құрылуы мен дамуын, өзі отырған тағы емес, билеп отырған халқының бағын ойлап, жау қолына тойтарыс берген хандар мен оларға ел мен мемлекет тұрғысынан ақыл-кеңес берген билер үлестерін жатқызуға болады. Алла Тағала біздің елімізге осыншама кең жерді нәсіп еткенін түсінуге ұмтылсақ, ұшқан құстың қанаты талатын осынау ұлан ғайыр Алтай мен Атырау аралығын ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келген. Ата жауымыз болған сан жылдық қарсылас жоңғарлардан даламызды арашалап қалған батырлардың ерлігі туралы дәстүрлі тарихи жырлар, Исатай, Махамбетке т.б. байланысты мұралар, Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалыстың басты кейіпкерлері туралы жыр-дастандар біздің ұлттық сана-сезімімізді көтереді. Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Қазақтың соңғы ханы Кенесары азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді. Ата дініміз ислам болғандықтан, мұсылмандық сабырлықпен, ұстамдылықпен соғысқан Кенесары жауынгерлері әуелі «Алла» деп, содан кейін «Абылай», «Ақжолтай» деп, өз ерлерінің қадірін бағалай біліп, ұранға айналдырғаны мәлім. Ел басына күн туғанда даналығымен, батырлығымен, парасаттылығымен ел мұңын, халық сырын, тарих үнін түсіне білген, халықтың басын қосқан, халық мүддесі жолында, табандылығында, тапқырлығын да таныта білген хан — Абылай Қазақ халқының күшін тасытты, мәртебесін көтерді, Қазақ елін аса іргелі елге айналдырды. Батырларын, елін сүйген ерлерін, ақын-жырау өнерпаздарын достық –бірлікте ұстап, оларды жүзге бөліп жармады.Абай, Шоқан, Ыбырай және одан кейінгі ақын жазушыларымыз дәуірін қылыштан гөрі қаламның қуатты екенін дәлелдеді. XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басын ала бере тарих сахнасына қазақтың оқығандары шықты. 1937-1938 жылдары яғни, бір жылдың ішінде 125 мың Қазақ зиялысы қырылған. Жоғары білімді қазақтың бетке ұстайтын азаматтарының бар кінәсі — көзі ашық болғаны, өз ұлтының намыс-сезімін жақтағандары ғана. Бүгінгі ұлттық сана-сезіміміздің құны осыншама құрбандықпен келгенін есте сақтағанымыз жөн. Осы асыл азаматтардың үзілген жас, қыршын өмірлері, орындалмаған үміттері, армандары бізге аманат болып қала береді.