
Әже - баланың әкесінің, сондай-ақ, анасының шешесін атайтын, туыстық қатынасты білдіретін атау. Одан арғылары үлкен әже немесе ұлы әже деп аталады.[1]
Қазақ отбасындағы әже орны ерекше әрі қадірлі. Әже - отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын- абысындардың бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі Қазақ қоғамында әдетте жас отау иелерінің тұңғыш баласын әжесі бауырына салады. Бала ата-әженің кенжесі саналып, немерені әжесі тәрбиелеп, бағып-қағады. Әже мен немере арасындағы туыстық байланыс өте нәзік әрі берік. Балажан қазақ үшін ата мен әжеге жас сәби жай ғана ермек емес, тәрбиеленуші ерекше субъект. Тарихта күллі рулы елге ана болып саналған Айпара әже, Домалақ ене, Зере, Айғаным секілді әжелердің бейнесі аңыз-әңгімелерде, әдеби шығармаларда сомдалған.
Бата беру — адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда, т.б. адам өмірінде кездесер ірілі-ұсақты қуаныштар кезінде той, қуаныш иесіне арнап қол жайып, бата береді. Сондай-ақ, қиын сапар, алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілейтін халқымыздың ежелден келе жатқан, кең таралған дәстүрлерінің бірі. Бата беретіндер, көбіне, көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер де дуалы ауызды билер болып келеді. Бата қысылғанда — қуат, қиналғанда—медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Батасыз, тілексіз өмір болмайды. “Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді” деп халқымыз текке айтпаған. Батаның да қисыны, айтылатын, айтылмайтын жері болады, қуаныш пен тойдың ретіне қарай, соған лайық Бата тілегі болады.