Барысы:
«Тойбастар» күйі. (хабарланбайды)
1-жүргізуші:
Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар және қадірменді қонақтар! Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркенниетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 20 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқшанда айтып өтеміз.
Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.
2-жүргізуші:
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік - ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!
Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан - жүректі ұғысқан.
Ата бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан - Гүлстан!
Казталовка орта мектебінің көркемөнерпаздарының шағын концерттік бағдарламасын қабыл алыңыздар.
Оқушылар сәлемдемесі (20 оқушы)
1-жүргізуші:
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің
Ән «Қазақстан» орындайтын 10 - сынып оқушысы: Рахмет Сая.
2-жүргізуші:
Құттықтау сөз кезегі мектебіміздің директоры Талпахов Альберт Асқарұлына беріледі.
1-жүргізуші:
Күй, сені тәтті көрем, жаным сүйіп,
Тыңдаймын тыным алмай, жанып-күйіп
Өмірдің сырын ашып жүрегіме
Музаның әміріне басымды иіп.
Алайық ескі күйдің бәрін жиып,
Жандырған ой-қиялды қалың күйік
Шерттіріп құнарлырақ домбыраға
Тербеліп ырғағына тамылжиық
«Менің досым» тақырыбына диалог құрастыру.
Еркебұлан: Аға, «достық деген не?» сұрағына жауап беруге көмектесіңізші? Мектепте шығарма жазуды тапсырып еді...
Аспандияр: Достық дегеніміз - адамды ерекше қанаттандыра білетін, қуанышты үдетіп, кайғыны азайтатын қарым-қатынас түрі. Өмірде адал дос табу, достық қарым-қатынастарды сақтай білу өте маңызды.
Еркебұлан: Неліктен дос - адам жанының айнасы тәрізді деп айтады?
Аспандияр: Себебі адам өзі қандай болса, дәл сондай жанына жақын жанды іздейді. Ойы, арман-тілегі, мақсат, ең бастысы өмірдегі құндылығы бір адамдардың шынайы дос болып, өмір бойы араларынан қыл өтпейді.
Еркебұлан: Сіздің ең жақын досыңыздың есімі кім және қанша уақыттан бері жолдас болып жүрсіздер?
Аспандияр: Менің ең жақын жолдасымның есімі – Данияр, екеуміз балабақшадан бері, міне он төрт жылдан астам уақыт дос болып келеміз.
Еркебұлан: Қандай керемет! Ал сіздің досыңыз қандай адам?
Аспандияр: Данияр екеуміз осы уақытқа дейін еш ренжісіп көрмеппіз, себебі менің құрбымның мінезі сабырлы, байсалды, бәрін ақылмен шешуге тырысады, ашуға жол бермейді. Бірақ бір ренжіген соң қатты ренжиді. Үйінде бауырларына қамқор, ата - анасына көмекші. Өмірде осындай, Данияр сияқты досым бар мен бақыттымын. Өмірде дос таңдаудан жаңылмадым деп есептеймін.
Еркебұлан: Аға, менің де сіздей адал досым болса екен!