Кез келген зайырлы елдің даму бағыттарын белгілейтін басты құжаты - Ата заңы. Осыдан 22 жыл бұрын бүкіл халықтық референдумда кең байтақ Қазақстанның көп ұлтты халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елдермен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін танытты. Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата заңы өмірге келді.
Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі.
Еліміздің Ата заңы халқымыздың дербес ел болуды армандаған, мүддесін заң тілінде айшықтаған, жер шарына, адамзат ғаламына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат. Ата заңымыздың өзгешелігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз дамуының мемлекеттік тұғырын, басқару тәсілін, билік тармақтарын бекітіп, «байырғы қазақ жерінде мемлекет құрылғанын» жария етті. Конституция бізге, адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді. Сондықтан құқықтық мемлекет, заңның жоғарғы мәртебелілігі, Конституцияның мызғымас беріктігі, ұлттық идеологияның негізі және түп қазығы екенін мойындауымыз керек.
Астана - менің сүйікті қалам.
Астана – тәуелсіз еліміздің бас қаласы, отанымыздың жүрегі, мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы. Арқаның төрінде сылдырап аққан Есілдің жағалауында орналасқан айбынды Астанамыз жас та болса, болашағынан зор үміт күттіретін қала.
Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі. Астана – Азияның ең солтүстігінде орналасқан елорда.
Астана күн өткен сайын қарыштап дамып келеді. Бүгінде бүкіл әлем тамсанып, болашақтың қақпасы деп көз тігіп отыр. Шетелдіктер қызыға қарап, еліміздің беталысын жіті бақылап отыр. Халықаралық "ЭКСПО-2017" көрмесінің де Астанада өтуі тегіннен-тегін емес. Ол Елорданың әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасқанын, мемлекетіміздің табыстары жоғары бағаланғанын және даму келешегінің кемелдігін айғақтайды.
Мен өз болашағымды елімнің бас қаласы Астанамен байланыстырамын. Осы жерде орналасқан іргелі оқу орындарының бірі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алғым келеді.