Түйелер (лат. Camelus) – сірітабандылар отряд тармағының түйетәрізділер тұқымдасына жататын сүтқоректі ірі жануарлардың бір туысы. Түйелер шөлге де, қатты аязға да төзімді, күшті көлік малы. Мұның екі түрі бар: қос өркешті түйе (Бактрия түйесі) — негізгі өсірілетін жерлері: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Астрахан, Сталинград, Саратов және Чита облыстары, бұрынғы КСРО-да мұның Астрахан түйесі, Қазақстан түйесі, моңғол түйесі деп аталатын негізгі үш тұқымы өсіріледі; бір өркешті түйе (дромедар), — Түрікменстанда, көбінесе Тәжікстанда, Өзбекстанның оңтүстік аудандарында және Қазақстанның кейбір жерлерінде өсіріледі. Ең көп өсірілетін жері — Қарақұм. Қоспақ түрлеріне, пайдалануына, қанына қарай: аруана, желмая, нар деп аталады. Түйенің еті мол, жүні биязы болады.
Түйе ежелден шөлді-тұзды аймақтардың табиғат жағдайларына жақсы бейімделген, аптап ыстықтарда апта бойына сусыз тіршілік ете алатын бірден-бір түлік. Соған қарамастан оларды жазда күніне 2 рет, қыста 1 рет суару қажет, тұзды-кермек суды жақсы ішеді. Қолайсыз табиғат жағдайларында азық ретінде пайдалану үшін өркешіне артық май жиналады. Кеудесіндегі, табандарындағы, шынтағындағы, тізесіндегі қажау сүйелдерінің арқасында ыстық жерде, құмда жата алады. Түйенің тағы бір биол. ерекшелігі – қыста қолда бағуды, сапалы азықтандыруды және жылы қораны керек етпейді. Бірақ Түйелер жүні қырқылған алғашқы аптада өкпек жел мен жоғары ылғалдылыққа төзімсіз, осы мезгілде олардың жауын-шашын мен суыққа ұрынбауын қамтамасыз ету керек.
Қос өркешті қазақ Түйелері дене бітімдерінің ерекшеліктері, ірілігі, өнімділігі бойынша 3 тұқымдық типке бөлінеді: оралбөкей, Қызылорда және оңтүстік Қазақстан Түйелері. Орал-бөкей типінің басқаларынан тірілей салмағы мен жүн өнімділігі 5 – 10%-ға жоғары болғандықтан, асылдандыру жұмыстарында тұқым жақсартушы ретінде пайдаланылып келеді. Дара және қос өркешті Түйелерді бір-бірімен будандастырудан алынған будандар дене бітімінің беріктігі, ірілігі, қоршаған ортаның қолайсыз жағдайлары мен ауыр жұмысқа төзімділігі бойынша таза тұқымды Түйеден айтарлықтай ерекшеленеді. Тірілей салмағы бойынша артықшылығы 20 – 25%-ға дейін жетеді. Будандардың үлектерін нар, інгендерін мая деп атайды. Нарлар тек жұмыс күші мен өнім алу үшін пайдаланылып, жұптастыруға жіберілмейді. Маялар әдетте қос өркешті үлектермен шағылыстырылып, аталық тұқымға ұқсас ұрпақ алынады. Түраралық будандастыру тек таза қанды дара және қос өркешті Түйелер пайдаланылғанда ғана жақсы нәтиже беретіндігі, будандардың асыл тұқымды мал ретінде маңыздылығы жоқ екендігі ескерілуі қажет.
Түйенің сүті, еті, жүні пайдаланылады. Сүтінен емдік қасиеті бар шұбат, май, сыр, дайындалса, еті тағамға қолданылады, ал жүнінің 85%-ы таза, өте бағалы түбіт.
Қазақстан Еуразия материгінің орталығында орналасқан, оның жер көлемі 2 млн. 715 мың шаршы шақырым. Қазақстанның батысында Каспий теңізінен, шығысында Алтай таулары дейін 2925 шақырым, солтүстігінде Батыс Сібір жазықтығының оңтүстігі мен Орал тауларының сілемдерінен, оңтүстігінде Тянь-Шань биік таулы жоталары мен Қызылқұм шөлдеріне дейін 1600 шақырымға созылып жатыр. Осыған байланысты Қазақстанның табиғат жағдайдары да әртүрлі. Мұнда жазықтық жерлердің сан алуан түрлері солтүстігінде орманды далалардан басталып, оңтүстіктегі шөл-шөлейттерге, құмды, сазды, тасты, сортаңды шөлдерге жалғасады. Таулы-тасты жерлері аласа таулы жоталардан басталып, Алтайдың тайгалы ормандары мен Тянь-Шанның қарлы шыңдарына ұласады; сулары - Каспий, Арал теңізі, Балқаш, Зайсан, Марқакөл көлдерінен және Жайық, Сырдария, Шу, Іле, Қаратал,Ертіс, Есіл, Тобыл сияқты тасқынды өзендер мен жылғалардан тұрады. Қазақстан жерінде алуан түрлі жануарлар мен өсімдіктер әлемі кездеседі. Мұнда бомыртқалы жануарлардың 835 түрі бар. Соның ішінде сүтқоректілердің 178 түрі: құстың - 500-жуық, бауырымен жорғалаушылардың - 49, қосмекенділердің - 12, балықтың - 104, дөңгелекауыздылар немесе балықтәрізділердің 3 түрі тіршілік етеді. Атап айтқанда кез-келген адамға таныс аю, қасқыр, түлкі, қоян, кірпі, үйректер, тырна, қаз, аққу, бүркіт, улы сұр жылан, бақа, алабұға, шортан және тағы басқалар кездеседі.